2026 жылдың тамыз айы қандай болды

Icon Жарияланды 23.09.2026
2026 жылдың тамыз айы қандай болды

Тамыз айы Қазақстанның басым бөлігінде салыстырмалы түрде ыстық, ал елдің солтүстік-шығыс жартысында, сондай-ақ орталық және оңтүстік-шығыс өңірлердің кей жерлерінде жауын-шашынды болды.

Тамыз айының жекелеген күндерінде аптап ыстық байқалғанымен, өткен жылдардағы абсолюттік максимумдар жаңарған жоқ.

Мәселен, 11 тамызда Павлодар қаласында ауа температурасы +37,3°С-қа дейін көтерілді. Алайда 2002 жылғы 10 тамызда +40,6°С тіркелген.

Сол күні Қызылорда қаласында ауа температурасы +42,5°С-қа дейін көтерілгенімен, 2002 жылғы 9 тамызда тіркелген абсолюттік максимум — +44,7°С жаңартылған жоқ.

14 тамызда Қарағанды қаласында ауа температурасы +36,4°С болды. Бұл көрсеткіш 2002 жылғы 10 тамызда тіркелген +40,2°С абсолюттік максимумнан төмен.

15 тамызда Түркістан қаласында ауа температурасы +41,5°С-қа дейін көтерілді. Алайда 1947 жылғы 20 тамызда тіркелген +46,5°С абсолюттік максимумға жете қойған жоқ.

Сол күні Өскемен қаласында ауа температурасы +36,9°С болды. Бұл көрсеткіш 2002 жылғы 10 тамызда тіркелген +42,1°С рекордтық көрсеткіштен төмен.

16 тамызда Алматы қаласында ауа температурасы +38,6°С-қа дейін көтерілді. 28 тамызда +35,8°С, ал 31 тамызда +36,8°С болды. Дегенмен, 1944 жылғы 9 тамызда тіркелген +40,5°С абсолюттік максимум жаңартылған жоқ.

Атмосфералық жауын-шашын мөлшері бойынша да бірқатар рекордтық көрсеткіштер тіркелді.

17 тамызда Павлодар облысындағы Ертіс метеостанциясында 43 мм қатты жаңбыр жауды. Бұл бір айлық нормадан (39 мм) асып түсті.

26 тамызда Шығыс Қазақстан облысындағы Теректі метеостанциясында 37 мм жауын-шашын түсті. Айлық норма 29 мм-ді құрайды.

Елордада тамыз айындағы ең жоғары ауа температурасы 1 тамызда тіркеліп, +38,4°С болды. Ал ең төменгі температура 31 тамызға қараған түні байқалып, +5,6°С-қа дейін төмендеді.

Тамыз айында елордада 50 мм жауын-шашын түсті. Бұл айлық норманың 160%-ын құрайды, ал тамыз айындағы жауын-шашын нормасы 31 мм.

Осы жаңалықпен әлеуметтік желілерде бөлісем десеңіз