Астанада Қазгидромет пен Қырғызгидромет арасында 2026–2028 жылдарға арналған ынтымақтастық бағдарламасына қол қойылды

IconЖарияланды 09.02.2026

2026 жылғы 9 ақпанда «Қазгидромет» РМК-да Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы өкілдерінің кездесуі өтті. Кездесу барысында «Қазгидромет» РМК мен Қырғыз Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің Гидрометеорологиялық қызметі (Қырғызгидромет) арасында жедел-өндірістік қызмет саласындағы 2026–2028 жылдарға арналған ынтымақтастық бағдарламасына қол қойылды.

Іс-шара Қырғыз Республикасы Төтенше жағдайлар министрінің орынбасары бастаған қырғыз делегациясының қатысуымен өтті.

«Қазгидромет» РМК атынан Бағдарламаға бас директор Әлімбаева Данара Қизатқызы қол қойды. Қырғызгидромет атынан құжатқа Алмаматов Тимур Омурбекұлы қол қойды.

Бағдарламаның қол қойылуы гидрометеорология саласындағы екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамытуға, жедел ақпарат алмасуға, қауіпті табиғи құбылыстарды болжауды жетілдіруге, сондай-ақ алдын алу саласындағы өзара іс-қимылды нығайтуға бағытталған.

Тараптар әріптестік қатынастарды нығайтудың, тәжірибе алмасудың және екі ел халқының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында бірлескен жұмыстың маңыздылығын атап өтті.

Осы жаңалықпен әлеуметтік желілерде бөлісем десеңіз