Акмола, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстары және Абай облысы бойынша 2026 жылғы көктемгі су тасқынының алдын ала гидрологиялық болжамы

IconЖарияланды 05.02.2026

«Қазгидромет» РМК Қазақстанның бірқатар өңірлерін 2026 жылы көктемгі су тасқынының жоғары тәуекел аймағына жатқызады. Алдын ала гидрологиялық болжамдарға сәйкес, су басу ықтималдығы Ақмола, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстарында және Абай облысында жоғары болуы мүмкін.

Болжам көктемгі су тасқынының қалыптасуына әсер ететін негізгі факторларды — топырақтың күзгі ылғалдануын, оның қату тереңдігін, қар жиналу көлемін және алдағы қар еру кезеңіндегі күтілетін ауа райы жағдайларын ескере отырып, көпжылдық гидрометеорологиялық бақылауларды талдау негізінде жасалды. Мамандардың бағалауы бойынша, аталған өңірлерде жекелеген өзендерде су деңгейінің көтерілу ықтималдығы сақталады, бұл елді мекендерді, ауыл шаруашылығы алқаптарын және инфрақұрылым нысандарын су басуына әкелуі мүмкін.

Ақмола облысында тәуекелдер Есіл, Қалқұтан, Жабай және Сілеті өзендеріндегі су деңгейінің көтерілу мүмкіндігімен байланысты. Қарағанды облысында Нұра және Шерубай-Нұра өзендерінің бассейндеріне ерекше назар аударылады. Солтүстік Қазақстан облысында Сергеев су қоймасынан төмен орналасқан учаскелер ерекше бақылауда. Шығыс Қазақстан және Абай облыстарында тәуекел болжанатын қар еру көлемімен және айтарлықтай еріген қар суларының қалыптасуымен байланысты.

«Қазгидромет» РМК мәліметінше, өзендер мұз құрсауынан ашылғаннан кейін мемлекеттік органдар мен халықты жедел хабардар ету мақсатында қысқа мерзімді гидрологиялық болжамдар апта сайын ұсынылатын болады.

Болжам алдын ала сипатқа ие және синоптикалық және гидрологиялық жағдайдың дамуына қарай нақтыланып отырады.

Осы жаңалықпен әлеуметтік желілерде бөлісем десеңіз