«Қазгидромет» РМК-да Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаевтың бұйрығына сәйкес бас директордың бірінші орынбасары қызметіне Қалиев Асет Сансызбаевич тағайындалды.
Асет Сансызбаевич гидрология және су ресурстарын басқару саласында көпжылдық тәжірибесі бар, бейінді жоғары білімге ие маман. 1998 жылы «Құрлық гидрологиясы» мамандығы бойынша білім алып, бакалавр дәрежесін және гидролог біліктілігін иеленді, ал 2000 жылы гидрология магистрі дәрежесін алды.
Еңбек жолын Асет Сансызбаевич 2000 жылы Көкшетау қаласында Қазақстан Республикасы Табиғи ресурстар және қоршаған ортаны қорғау министрлігінің Су ресурстары комитетінде жетекші инженер лауазымынан бастап, бұл қызметті 2002 жылға дейін атқарды.
2002–2007 жылдары Астана қаласында Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Су ресурстары комитетінде еңбек етіп, жетекші маманнан бас маман лауазымына дейін көтерілді.
2008–2013 жылдары Солтүстік және Орталық Қазақстан бойынша Өңірлік орталықтың директоры қызметін атқарды. 2019–2020 жылдары «Астана» халықаралық ғылыми кешенінің Су қауіпсіздігі орталығының директоры болды.
Асет Сансызбаевич — магистр, ғылыми жарияланымдар мен әзірлемелердің авторы. Кәсіби қызметі барысында бірқатар мемлекеттік және салалық марапаттар мен көтермелеулерге ие болды, атап айтқанда:
Қазақстан Республикасы Табиғи ресурстар және қоршаған ортаны қорғау министрлігінің Су ресурстары комитетінің «Адал еңбегі үшін» құрмет грамотасы;
«Экосервис С» ЖШС-нің «Өңіраралық әріптестік қатынастарды дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін» грамотасы;
«Көріну шектеулі учаскелерде көлік құралдарының қарсы соқтығысуын алдын алу тәсілі» атты өнертабысқа Қазақстан Республикасының инновациялық патенті;
«Экология саласының үздігі» төсбелгісі.