Қазақстан Республикасының гидрометеорологиялық қызметін дамытуға қосқан елеулі үлесі және көпжылдық адал еңбегі үшін Цапенко Валентина Семёновна «Ерен еңбегі үшін» мемлекеттік медалімен марапатталды.
Валентина Семёновна Цапенко — «Қазгидромет» РМК мекемесінің еңбек сіңірген зейнеткері, ұзақ жылдар бойы Алматы қаласы бойынша филиалдың Метеорология бөлімін басқарған. Ол гидрометеорология саласындағы еңбек жолын 1982 жылы Қазақ мемлекеттік университетін «метеорология» мамандығы бойынша тәмамдағаннан кейін инженер-актинометрист қызметінен бастаған.
Салада үздіксіз 37 жыл еңбек еткен Валентина Семёновна инженер-метеорологтан Метеорология және агрометеорология бөлімінің басшысына дейінгі кәсіби жолдан өтті. Ол 20 жылдан астам уақыт бойы метеорологиялық және актинометриялық бақылауларға әдістемелік жетекшілік жасап, олардың дәлдігі мен сенімділігін жоғары деңгейде қамтамасыз етті.
Оның тікелей басшылығымен Алматы және Жетісу облыстарында «Қазгидромет» РМК автоматты метеорологиялық станциялар желісі құрылып, енгізілді. Валентина Семёновна метеорологиялық және актинометриялық бақылау желілерінің жұмысын автоматтандыру мен тиімділігін арттыруға бағытталған нормативтік-техникалық, әдістемелік құжаттар мен бағдарламалық шешімдерді әзірлеуге зор үлес қосты.
«Қазгидромет» РМК өз қызметкерлерінің кәсібіне адалдығын, жоғары кәсіби біліктілігін және жанқиярлық еңбегін жоғары бағалап, олардың еңбегінің мемлекеттік деңгейде мойындалуын зор мақтанышпен атап өтеді.