Көп жылдық адал еңбегі, жоғары кәсібилігі және «Қазгидромет» РМК-ның дамуына қосқан зор үлесі үшін ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев Қарағанды және Ұлытау облыстары бойынша филиалдың Бектау ата атты еңбек жағдайы күрделі метеостанциясының бастығы Күміс Ақжанованы «Еңбек даңқысы» орденімен марапаттады.
Айта кетсек, бұл – «Қазгидромет» РМК қызметкеріне берілген екінші «Еңбек даңқысы» ордені. Бұл жайт гидрометеорологиялық қызмет мамандарының еңбегіне көрсетілген жоғары құрметті айғақтайды.
Күміс Ақжанова гидрометеорологиялық қызмет саласына өмірінің шамамен 50 жылын арнап, техника-радиооператордан бастап метеостанция бастығына дейінгі еңбек жолынан өтті. Ол Алматы гидрометеорологиялық мектебін «радиооператор» мамандығы бойынша тәмамдап, 1975 жылы Бектау ата метеостанциясында еңбек жолын бастаған. 1998 жылдан бері осы метеостанцияны басқарып келеді.
Күміс Ақжановтың еңбегі бірнеше мәрте «Қазгидромет» РМК, филиал басшылығы және Қарағанды облысы әкімінің алғыс хаттары мен Құрмет грамоталарымен атап өтілген. Ол 1978 жылы «Кәсібі бойынша үздік», 1980 жылы «Коммунистік еңбектің екпіндісі» атақтарына ие болған. Сонымен қатар, 2009 жылы «Қазгидромет» РМК Бас директорының Құрмет грамотасымен, 2012 жылы Гидрометеорологиялық қызметтің 90 жылдығына арналған медальмен, 2016 жылы Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған медальмен, ал 2022 жылы «Қазгидромет» РМК-ның 100 жылдығына арналған мерейтойлық медальмен марапатталған.
ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаевтың «Еңбек даңқысы» орденін табыстауы – Күміс Ақжанованың көп жылғы адал еңбегіне, кәсібіне деген берік адалдығына және еліміздің гидрометеорологиялық қызметін дамытуға қосқан баға жетпес үлесіне берілген жоғары баға болып табылады.