Астанада атмосферадағы ауаның жай-күйін бақылауға арналған стационарлық бекеттер желісін қайта қарау және жаңарту жоспарлануда. Бұл шешім қала құрылымының өзгеруіне байланысты кейбір қолданыстағы станциялар толық емес деректер беруі мүмкін деген себеппен қабылданды.
Бүгінгі таңда елордада 10 стационарлық бақылау бекеті жұмыс істейді. Олардың алтауы — автоматтандырылған, және олар деректерді әр 20 минут сайын тіркейді. Алайда көптеген бекеттер он жылдан астам уақыт бұрын орнатылған. Осы уақыт ішінде олардың маңында жаңа тұрғын үйлер мен инфрақұрылымдық нысандар пайда болды. Бұл жағдай көрсеткіштерді бұрмалап, ауа сапасы туралы нақты көрініс бермеуі мүмкін.
2024 жылғы экологиялық мониторингтің қорытындысы бойынша Астанада бірқатар заттар бойынша шекті мөлшерден асу жағдайлары тіркелген. Дегенмен, елордадағы ауа сапасының жағдайы еліміз бойынша ең нашар деп бағаланбайды, кейбір көрсеткіштер бойынша басқа мегаполистермен салыстырғанда жақсырақ.
Сонымен қатар, нақты әрі толыққанды көрініс алу үшін бақылау бекеттерінің орналасуын өзектендіру қажет.
Ауаны бақылау жүйесін жаңарту жұмыстары кезең-кезеңімен Астана қаласының әкімдігімен бірлесіп, мамандар мен ғылыми ұйымдарды тарта отырып жүргізіледі.
Мамандардың пікірінше, мониторингтің объективтілігіне әсер ететін факторлардың бірі — деректердің тек жекелеген нүктелердегі жағдайды көрсетуі, ал бүкіл қала бойынша нақты көріністі бере алмауы.