Қазгидромет CAFIMET өңірлік жобасын әзірлеуге қатысты

IconЖарияланды 25.11.2026

«Қазгидромет» РМК мамандары Финляндия метеорологиялық институтының (FMI) қолдауымен жүзеге асырылатын, Орталық Азия елдерінің ұлттық гидрометеорологиялық қызметтерінің әлеуетін нығайтуға бағытталған CAFIMET өңірлік жобасын әзірлеу жұмыстарына қатысты.

Жоба аясында қазақстандық тарап ауа райын болжаудың заманауи технологияларын дамыту, атмосфералық ауа сапасын мониторингтеу және ерте ескерту жүйелерін жетілдіру бойынша ұсыныстарын таныстырды.

Атап айтқанда, ICON жоғары айырымдылықтағы сандық ауа райын болжау моделін енгізу және дамыту, дәстүрлі болжау әдістерін жасанды интеллект технологияларымен ұштастыру, сондай-ақ SmartMet және SmartAlert бағдарламалық кешендерін орнату және бейімдеу ұсынылды. Бұдан бөлек, ауа сапасын болжау және ластаушы заттардың трансшекаралық тасымалын бақылау мақсатында ENFUSER және SILAM модельдерін жетілдіру көзделген.

Алдағы уақытта жоба аясында заманауи бағдарламалық және болжамдық жүйелерді кезең-кезеңімен енгізу және орнату, техникалық мүмкіндіктерді дамыту, сондай-ақ метеорологиялық деректермен өңірлік алмасуды нығайту жоспарланып отыр.

Жобаны іске асыру ауа райы болжамдарының дәлдігін арттыруға, ауа сапасын мониторингтеу жүйесін жақсартуға және Орталық Азиядағы қауіпті табиғи құбылыстар туралы ерте ескерту жүйелерін күшейтуге мүмкіндік береді.

Осы жаңалықпен әлеуметтік желілерде бөлісем десеңіз