«Қазгидромет» пен Грузияның Қоршаған ортаны қорғау жөніндегі ұлттық агенттігі ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды

IconЖарияланды 11.11.2026

Қазақстан мен Грузия гидрометеорология және экологиялық мониторинг салаларындағы өзара іс-қимылды кеңейтуді көздеп отыр. 2026 жылғы 11 қарашада БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі жөніндегі негіздемелік конвенциясы Тараптарының 31-конференциясы (COP31) аясында тиісті уағдаластықтар ынтымақтастық туралы меморандуммен бекітілді.
Құжатқа «Қазгидромет» РМК Бас директоры Данара Алимбаева мен Грузияның Қоршаған ортаны қорғау жөніндегі ұлттық агенттігі басшысының орынбасары Ираклий Мегрелидзе қол қойды.
Меморандум ауа райын болжаудың заманауи технологиялары мен тәжірибе алмасуды, қауіпті табиғи құбылыстар мен қоршаған ортаның жай-күйін мониторингтеу әдістерін жетілдіруді, сондай-ақ бірлескен ғылыми зерттеулерді дамытуды көздейді.
Қазақстан үшін мұндай ынтымақтастық гидрометеорологиялық қызмет саласындағы заманауи тәсілдерді зерделеу мен тәжірибеге енгізуге, сондай-ақ мамандардың кәсіби әлеуетін нығайтуға қосымша мүмкіндіктер ашады.
Құжатқа қол қою Қазақстан мен Грузияның бейінді ведомстволары арасында білім мен практикалық тәжірибе алмасуды одан әрі дамытуға негіз қалайды.

Осы жаңалықпен әлеуметтік желілерде бөлісем десеңіз