Экология және табиғи ресурстар министрі «Қазгидромет» РМК-ның технологиялық мүмкіндіктері мен қызметімен танысты

IconЖарияланды 03.11.2026

Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрі Әлібек Қуантыров «Қазгидромет» РМК-ның орталық аппаратына барып, ұлттық гидрометеорологиялық қызметтің жұмысымен, заманауи технологиялық мүмкіндіктерімен, ғылыми-техникалық әлеуетімен және дамудың негізгі бағыттарымен танысты.

Сапар барысында министрге Гидрометеорологиялық орталықтың, қоршаған ортаның ластануын бақылау жөніндегі сынақ зертханасының, сондай-ақ тексеру зертханасының жұмысы таныстырылды. Мамандар негізгі өндірістік үдерістер, қолданылатын жабдықтар, зерттеу жүргізу әдістері және өлшеу нәтижелерінің сапасын бақылау тәртібі туралы баяндады.

Кездесу барысында «Қазгидромет» РМК-ның технологиялық дамуына ерекше назар аударылды. 2026 жылы кәсіпорын технологиялық тұрғыдан маңызды серпіліс жасап, ауа райын болжауға арналған америкалық WRF жоғары дәлдікті мезомасштабты моделін енгізді. Кеңістіктік ажыратымдылығы 2 км болатын бұл модель Қазақ ұлттық университетінің суперкомпьютерінде жұмыс істейді. Сонымен қатар Alem Cloud платформасында жасанды интеллект негізіндегі деректерді кейінгі өңдеу жүйесімен жабдықталған, кеңістіктік ажыратымдылығы 6 км модель де қолданысқа енгізілді. Жаңа технологияларды енгізу метеорологиялық болжамдардың нақтылығы мен сапасын арттыруға мүмкіндік береді.

Бүгінде «Қазгидромет» РМК гидрометеорология және қоршаған орта мониторингі саласындағы еліміздің негізгі инфрақұрылымдық ұйымдарының бірі болып табылады. Сонымен қатар кәсіпорын гидрологиялық және метеорологиялық ақпаратты тарату бойынша маңызды өңірлік орталық қызметін атқарады.

Кәсіпорынның халықаралық қызметінде жылдам дамитын су тасқыны туралы ескерту жүйесін (FFGS) іске асыру ерекше орын алады. Қазақстан Орталық Азиядағы FFGS өңірлік орталығы болып табылады және Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымның (ДМҰ) әлем бойынша 16 өңірлік орталығының қатарына кіреді. Бұл Қазақстанның өңірлік ынтымақтастықты дамытуға және қауіпті гидрологиялық құбылыстар туралы ерте ескерту жүйесін нығайтуға қосып отырған үлесін көрсетеді.

Кездесу аясында гидрометеорологиялық қызметтің өзекті және проблемалық мәселелері, оның ішінде бақылау желісін одан әрі жаңғырту, техникалық жарақтандыруды жетілдіру, ақпараттық жүйелерді дамыту және өндірістік инфрақұрылымды нығайту мәселелері де талқыланды.

Сапар қорытындысы бойынша «Қазгидромет» РМК-ны одан әрі дамытудың перспективалық бағыттары қарастырылды. Олар гидрометеорологиялық қамтамасыз ету сапасын арттыруға, қоршаған орта мониторингі жүйесін жетілдіруге және заманауи технологияларды енгізуге бағытталған.

Осы жаңалықпен әлеуметтік желілерде бөлісем десеңіз