Астанада су тасқыны кезеңінің тұрақтылығын қамтамасыз ету мәселесіне арналған баспасөз конференциясы өтті

IconЖарияланды 18.03.2026

Астанада «Су тасқыны кезеңінің тұрақтылығын қамтамасыз ету» тақырыбында баспасөз конференциясы өтті. Талқылауға мемлекеттік органдар мен салалық қызметтердің өкілдері қатысты.

Спикерлер қатарында бірінші вице-министр Алдамжаров Нұрлан Жанұзақұлы, Су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану комитетінің төрағасы Нұрымбетов Сейлбек Серғазиевич, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі, Төтенше жағдайлар министрлігі және Көлік министрлігінің өкілдері болды. «Қазгидромет» атынан бас директордың бірінші орынбасары Қалиев Асет Сансызбайұлы қатысты.

Өз сөзінде Асет Сансызбайұлы елдегі қазіргі гидрометеорологиялық жағдай туралы баяндады. Ол қазіргі таңда қар жамылғысының жағдайына, топырақтың қату тереңдігіне және өзендердегі су деңгейіне тұрақты мониторинг жүргізіліп жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, метеорологиялық станциялардан алынатын бақылау деректері өзгерістерді уақтылы анықтап, су тасқыны жағдайының дамуын бағалауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ ол көктемгі су тасқынының басталуы мен әр өңірдегі ықтимал қауіптерге тоқталды.

Баяндамадан кейін спикер журналистердің сұрақтарына жауап беріп, қолданыстағы болжамдар мен өңірлердегі жағдайды егжей-тегжейлі түсіндірді.

Іс-шара соңында қатысушылар су тасқыны кезеңінде барлық қызметтердің үйлесімді жұмысы мен халықты жедел ақпараттандырудың ерекше маңызға ие екенін атап өтті. Бұл ықтимал қауіптерге алдын ала әрекет етуге және халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Осы жаңалықпен әлеуметтік желілерде бөлісем десеңіз