Көктемгі су тасқыны: Қазгидромет не дейді?

IconЖарияланды 04.03.2026

«Казгидромет» РМК  2026 жылы Қазақстанның бірқатар өңірлерін көктемгі су тасқынының өтуі бойынша орташа тәуекел аймағына жатқызды. Негізгі гидрологиялық болжамдарға сәйкес, орташа су тасқыны қаупі Қостанай, Павлодар, Алматы және Ақтөбе облыстары аумағында күтіледі.

Болжам топырақтың күзгі ылғалдануы, оның қату тереңдігі, қар жиналу көлемі және қар еріген кезеңдегі күтілетін ауа райы жағдайларын ескере отырып, көпжылдық гидрометеорологиялық бақылаулар негізінде дайындалды.

Қостанай облысы.
Аумақтың басым бөлігінде топырақтың күзгі ылғалдануы нормадан төмен, алайда кейбір аудандарда орташа мәннен асып кеткені байқалады. Топырақтың қату тереңдігі 140 см-ге дейін жетіп, көп аудандарда өткен жылғы көрсеткіштен жоғары. Солтүстік және орталық аудандарда қар жиналу көлемі нормадан жоғары, ал оңтүстік бөлігінде климаттық мәннен төмен. Тобыл өзенінің алабында қардың қарқынды еру кезеңінде Верхнетоболь және Қаратамар су қоймаларына еріген судың жоғары көлемде келуі мүмкін. Орташа тәуекел деңгейі облыстың көпшілігінде болжануда, алайда кейбір учаскелерде жергілікті су басу ықтималдығы сақталады.

Павлодар облысы.
Аумақтың басым бөлігінде топырақ күзде қалыптан жоғары ылғалданған, топырақ қату тереңдігі 153 см-ге дейін жетеді, ал кейбір аудандарда 200 см-ден асады, бұл өткен жылғы көрсеткіштен едәуір жоғары. Қар жиналу барлық облыс аумағында нормадан 27–106% асады. Су тасқыны кезеңінде еріген судың көлемі елеулі болуы мүмкін, сондай-ақ Шульбин және Селетин су қоймаларының жұмыс режимі әсер етуі ықтимал. Қолайсыз жағдайларда Ертіс өзенінде мұз кептелістерінің қалыптасуы және су деңгейінің қауіпті межеге көтерілуі мүмкін. Орташа тәуекел кейбір аудандар мен Ақсу қаласына болжануда.

Алматы облысы.
Аумақтың басым бөлігінде топырақ күзгі кезеңде нормадан төмен ылғалданған. Ақпан айында температураның көтерілуіне байланысты оңтүстік аудандарда топырақ толықтай еріді, ал қалған аумақтарда топырақ қатуы азайып, 1–76 см аралығында өзгерді. Қар жиналу біркелкі емес: таулы аудандарда көрсеткіштер нормадан жоғары, солтүстік-батыста климаттық мәннен төмен. Наурызда ауа райы кенет жылынып, қатты жауын-шашын болған жағдайда таулы өзендерде жоғары қар-жаңбыр су тасқындары қалыптасуы мүмкін. Орташа тәуекел аймағына Алматы қаласы мен оған іргелес бірқатар аудандар жатқызылды.

Ақтөбе облысы.
Аумақтың басым бөлігінде топырақ күзде нормадан төмен ылғалданған. Топырақ қату тереңдігі 24–150 см аралығында өзгеріп, орталық және солтүстік аудандарда өткен жылғы көрсеткіштен жоғары. Қар жиналу біркелкі емес және негізінен нормадан төмен. Топырақ ерекшеліктерін ескере отырып, қар еру кезеңінде жер үсті ағысы мен рельефтің төмен жерлерінде жергілікті су басулар қалыптасуы мүмкін. Орташа тәуекел облыстың көпшілігінде және Ақтөбе қаласында болжануда.

«Казгидромет» РМК мәліметінше, су тасқынының ары қарай дамуы наурыз–сәуір айларындағы нақты температуралық жағдайлар мен жауын-шашын мөлшеріне байланысты болады. Өздеріңізге өзендер мұз құрсауынан босатылғаннан кейін мемлекеттік органдар мен халықты жедел ақпараттандыру мақсатында қысқа мерзімді гидрологиялық болжамдар тұрақты түрде ұсынылады.

Болжамдық деректер синоптикалық және гидрологиялық жағдайдың дамуына қарай нақтыланып отырады.

Осы жаңалықпен әлеуметтік желілерде бөлісем десеңіз