«Қазгидромет» РМК Қазақстанның бірқатар өңірлерін 2026 жылғы көктемгі су тасқынының өтуі бойынша орташа қауіп аймағына жатқызады. Алдын ала гидрологиялық болжамдарға сәйкес, су тасқыны қаупінің орташа деңгейі Қостанай, Ақтөбе, Павлодар және Алматы облыстарының аумағында күтіледі.
Болжам көпжылдық гидрометеорологиялық және гидрологиялық бақылауларды талдау негізінде, топырақтың күзгі ылғалдануы, оның қату тереңдігі, қар қорының жиналуы, қысқы жауын-шашынның таралуы және көктемгі кезеңдегі күтілетін температуралық жағдайлар ескеріле отырып жасалды. Мамандардың бағалауынша, аталған өңірлерде қардың еру қарқындылығына, температураның ауытқуына және қосымша жауын-шашынның түсуіне байланысты жергілікті су басу жағдайлары қалыптасуы мүмкін.
Қостанай облысында су тасқыны жағдайы көктемгі кезеңнің тұрақсыз сипатымен, яғни жылыну мен суытудың алмасуымен байланысты болады, бұл қар жамылғысының біркелкі емес еруіне әкелуі мүмкін. Павлодар облысында Ертіс өзені бассейніне ерекше назар аударылады, мұнда белгілі бір жағдайларда су деңгейінің көтерілуі және мұз кептелістерінің пайда болуы мүмкін.
Алматы облысында қауіп таулы өзендерде ауа температурасының күрт жоғарылауы және жауын-шашынның түсуі кезінде қар-жаңбыр тасқындарының қалыптасуымен байланысты. Ақтөбе облысында қардың қарқынды еруі және топырақтың қатуы кезінде жер үсті ағыны қалыптасып, жер бедерінің төмен учаскелерінде жергілікті су басулар болуы мүмкін.
«Қазгидромет» РМК мәліметінше, өзендер мұз құрсауынан босатылғаннан кейін мемлекеттік органдар мен халықты жедел ақпараттандыру мақсатында қысқа мерзімді гидрологиялық болжамдар тұрақты түрде ұсынылатын болады.
Болжам алдын ала сипатқа ие және синоптикалық әрі гидрологиялық жағдайлардың өзгеруіне қарай нақтыланады.