Жетісу, Ұлытау, Батыс Қазақстан және Түркістан облыстары бойынша 2026 жылғы көктемгі су тасқынының алдын ала болжамы

IconЖарияланды 05.02.2026

«Қазгидромет» РМК Қазақстанның бірқатар өңірлерін 2026 жылғы көктемгі су тасқынының өтуі бойынша орташа қауіп аймағына жатқызады. Алдын ала гидрологиялық болжамға сәйкес, су тасқыны қаупінің орташа деңгейі Жетісу облысы, Ұлытау облысы, Батыс Қазақстан және Түркістан облыстары аумағында күтіледі.

Болжам көпжылдық гидрометеорологиялық бақылауларды талдау негізінде, топырақтың күзгі ылғалдануы, оның қату тереңдігі, қар қорының жиналуы, қысқы жауын-шашынның таралуы және көктемгі қар еру кезеңіндегі күтілетін температуралық жағдайлар ескеріле отырып жасалды. Мамандардың бағалауынша, аталған өңірлерде қардың еру қарқындылығына, температуралық режимге және қосымша жауын-шашынның түсуіне байланысты жергілікті су басу жағдайлары болуы мүмкін.

Жетісу облысында су тасқыны жағдайы қысқы жауын-шашынның біркелкі түспеуі мен топырақтың қату тереңдігіне байланысты болады. Ұлытау облысында қауіп топырақтың қату тереңдігінің жоғары болуына және жауын-шашынның біркелкі таралмауына байланысты. Батыс Қазақстан облысында Жайық өзенінің салаларында су тасқыны орташа деңгейге жақын, кей жерлерде жоғары деңгейлерде өтуі күтіледі.        Түркістан облысында ауа температурасының күрт жоғарылауы және жауын-шашын түсуі кезінде таулы өзендерде қар-жаңбыр тасқындарының қалыптасу ықтималдығы сақталады.

«Қазгидромет» РМК мәліметінше, өзендер мұз құрсауынан босатылғаннан кейін мемлекеттік органдар мен халықты жедел ақпараттандыру мақсатында қысқа мерзімді гидрологиялық болжамдар апта сайын ұсынылатын болады.

Болжам алдын ала сипатқа ие және синоптикалық және гидрологиялық жағдайлардың өзгеруіне қарай нақтыланады.

 

Осы жаңалықпен әлеуметтік желілерде бөлісем десеңіз