Алдағы үш тәулікте Қазақстан аумағының басым бөлігі атмосфералық фронтальды бөліктердің ықпалында болады. Осыған байланысты ауа райы құбылмалы сипатта күтіледі. Елдің көп бөлігінде қар жауып, боран соғады, ал оңтүстік және оңтүстік-шығыс өңірлерде жауын-шашын жаңбыр мен қар түрінде түседі, кей жерлерде қатты жауын-шашын байқалады. Тек елдің орталық және шығыс бөліктерінде антициклон жотасының ықпалымен жауын-шашынсыз ауа райы күтіледі. Республика бойынша тұман, желдің күшеюі, ал батыс, оңтүстік және оңтүстік-шығыс өңірлерде көктайғақ құбылыстары болжанады.
Солтүстік өңірлерде ауа температурасы түнде 12–23 градус аязға дейін төмендеп, күндіз 8–18 градус аяз шамасында болады. Орталық облыстарда ауа температурасы түнде 5–17 градус аязға дейін көтеріліп, күндіз 0–10 градус аяз күтіледі. Республиканың оңтүстігінде ауа температурасының біртіндеп жоғарылауы болжанады: түнде 6 градус жылы мен 7 градус аяз аралығында, күндіз 3–13 градус жылы болады. Оңтүстік-шығыста түнгі температура 0–10 градус аязға дейін, таулы аудандарда 12–17 градус аязға дейін төмендейді, ал күндіз 3–10 градус жылы, таулы өңірлерде 3 градус аяз бен 2 градус жылы аралығында болады. Елдің қалған аумағында ауа температурасының айтарлықтай өзгерістері күтілмейді.