Республика күніне орай Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев «Қазгидромет» РМК қызметкерлерін марапаттады

IconЖарияланды 24.10.2025

Бүгін, Республика күніне орай, Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев еліміздің гидрометеорологиялық қызметінің дамуына қосқан зор үлесі, кәсібилігі мен көпжылдық еңбегі үшін «Қазгидромет» РМК-ның үздік қызметкерлеріне ведомстволық наградаларды салтанатты түрде табыстады.
Жоғары кәсібилігі, өз ісіне жауапкершілікпен қарауы және көпжылдық адал еңбегі үшін Ақмола облысы бойынша филиалдың Тасты-Талды метеостанциясының бастығы Мұкашева Гүлшат Гарипуллақызы«Гидрометеорология саласының үздік қызметкері» төсбелгісімен марапатталды. Ол 1984 жылдан бері «Қазгидромет» жүйесінде қызмет етіп, өз ісіне адал, тәжірибелі маман және жас мамандардың тәлімгері ретінде, сондай-ақ метеорологтар әулетінің жалғастырушысы ретінде өзін көрсетті.
Саланың дамуына қосқан зор үлесі мен жоғары кәсібилігі үшін Солтүстік Қазақстан облысы бойынша филиал директоры Мерғалимова Қымбат Ғұмарбайқызы «Экология саласының үздік қызметкері» төсбелгісімен марапатталды. Ол жүйеде 24 жылдан астам еңбек етіп, білікті басшы және өз ісінің нағыз маманы ретінде танылған.
Жоғары кәсібилігі мен жұмысқа жауапкершілікпен қарағаны үшін Ақмола облысы бойынша филиалдың гидрометеорологиялық және агрометеорологиялық мониторинг бөлімінің бастығы Гуришкина Надежда Валерьевна «Гидрометеорология саласының үздік қызметкері» төсбелгісімен марапатталды. Надежда Валерьевна 18 жылдық еңбек өтілі бар, жауапкершілігі жоғары, білікті және өз мамандығына берілген қызметкер ретінде ерекшеленеді.
Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен «Қазгидромет» РМК басшылығы барлық қызметкерлерге өз кәсібіне адалдығы, гидрометеорологиялық бақылаулардың нақтылығы мен жеделдігін қамтамасыз етуге қосқан үлестері, сондай-ақ қоршаған ортаны қорғау ісіндегі маңызды еңбектері үшін алғыс білдірді.

Осы жаңалықпен әлеуметтік желілерде бөлісем десеңіз