Қазгидрометте климаттық деректер бойынша халықаралық семинар өтті

IconЖарияланды 23.06.2025

«Қазгидромет» РМК ғимаратында Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымның (ДМҰ) қолдауымен «Климаттық деректерді басқару қажеттілігі мен оны климаттың жай-күйі туралы есептерді қолдауда қолдану» тақырыбында халықаралық семинар өз жұмысын бастады.

Семинардың мақсаты — жаһандық, өңірлік және ұлттық деңгейлерде климаттың жай-күйі туралы есептердің (State of the Climate Reports) сапасы мен ғылыми негізділігін арттыру, сенімді әрі тұрақты түрде басқарылатын климаттық деректерді пайдалану арқылы қамтамасыз ету.

Іс-шараға SERCOM техникалық комиссиясының ET DDS және ET MCCVC жұмыс топтарының сарапшылары қатысуда. Олар климатты бақылау, климаттық ақпаратпен алмасу және есептілік үдерісінің ашықтығын жетілдіру бағытында күш біріктіруде.

Семинар аясында РМК «Қазгидромет» климаттық мониторинг, деректерді жинау, сақтау, алмасу және климаттық зерттеулер саласындағы өз тәжірибесімен бөлісті. Сондай-ақ, ұлттық әлеуетті дамыту және Қазақстанның ДМҰ-ның халықаралық климаттық желісіндегі рөлін нығайту мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Семинар 2025 жылғы 26 маусымға дейін жалғасады және жаһандық климаттық байқау саласындағы кәсіби тәжірибе алмасу мен ынтымақтастықты үйлестіруге арналған маңызды алаң болмақ.

Осы жаңалықпен әлеуметтік желілерде бөлісем десеңіз